Тарихы
Талдықорған зоотехникалық-малдәрігерлік техникумының тарихы сонау қаһарлы 1944 жылдан басталады. Бұл Ұлы Отан соғысының ең ауыр да жауапты кезеңдерінің бірі еді. Тылдағы кеңес азаматтары да майдандағы жауынгерлердей бар күш-жігерін жеңіске қол жеткізуге жұмсады.
Мемлекетімізге қажетті білікті кадрлар тапшы болғандықтан, үкімет соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын қарттар мен әйелдер және буыны бекімеген балалармен алмастырды. Олар ауылшаруашылық мектептеріне райком, райисполком, колхоз, совхоздардың жолдамасымен оқуға келді.
Соғыс қиыншылықтарына қарамастан партия мен үкімет ауылшаруашылық мамандарын даярлауға мүмкіндік пен қаражат тапты, себебі олар Отанымызды, соғыстағы жауынгерлерді азық-түлік, шикізатпен қамтамасыз ету үшін керек еді. Ауылшаруашылықтың маңызды бір бөлігін мал шаруашылығы құрап, азық-түлік өнімдерін өсіретін малдәрігері, зоотехник кадрларын даярлау маңызды стратегиялардың бірі болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары, 1943 жылдың 18 желтоқсанындағы Кеңес Одағының халық комиссариатының, Қазақ ССР Халық комиссариатының және большевиктер Коммунистік партиясы комитетінің 1944 жылғы 2 ақпанындағы шешіміне сәйкес Қазақстанда 22 біржылдық малшаруашылық және агротехникалық мектептер, соның ішінде Алматы облысы, Кеген ауданында Кеген малшаруашылық және Байсерке стансысындағы Алматы агротехникалық бір жылдық мектептері Талдықорған агротехникалық колледжінің іргетасы (Талдықорған зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы) негізін қалаған.
Жоғарыдағы қаулыға сәйкес ашылған Білім отауының май шамы жылтырап жанғанда алғашқы түлектер мектептен ветеринарлық санитарлар мен мал өсіруші технигі біліктілігін алып шықты.
Сол бір қиын жылдары іргетасы жаңадан қаланса да, төрт құбыласы бүтінделе қоймаған білім шаңырағының жұмысын белсенділікпен түлеикен азаматтар көп болды. Сол қатарда 1944 жылдың мамыр айындағы №62 бұйрығына сәйкес Абдрахманов Сансызбай (большевиктер Коммунистік партия мүшесі, орта білімді, мамандығы бойынша бухгалтер) мектептің алғашқы тізгінін ұстаса,1945 жылдың 4 сәуіріндегі Алматы облыстық Жер басқармасының бұйрығына сәйкес Сексенбаев Исхан директор болып тағайындалады. Мұрағат беттерінің мол мұраларына көз жүгіртсек, Алматы облыстық атқару комитетінің 1945 жылдың 14 маусымындағы №177 шешіміне сәйкес Алматы агротехникалық және Кеген малшаруашылық мектептері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Қара-Кемер ауылына көшіріліп, Алматы ауылшаруашылық біржылдық мектебі болып құрылды. Аталған мектеп 60 ветфельдшер, 30 малшаруашылық техниктерін даярлады.
1946 – 1947 оқу жылдарында Алматы ауылшаруашылық біржылдық мектебінің курсанттарын оқытатын зоотехниктік және ветеринарлық бөлімдерімен арнайы курс құрылды. Осы оқу жылында мектептің жоспары бойынша курсанттарды кәсібіне қарай бөліп оқыту бекітілді. Осыған орай, ветфельдшерлер 30 адамнан үш топ 90 оқушы, қой бригадирлері тобына бір топ 30 оқушы, ірі қара мал бригадирлері бір топ 30 оқушы, ветеринар-техниктер екі топ 60 оқушы бітірді. Барлығы 210 оқушыны құрап, сол кезеңнің кәсіби мамандарын даярлап шығарды. Курсанттарға кіші агроном, кіші зоотехник және ветеринарлық фельдшер біліктіліктері берілді. Бітіруші оқушылар тізімі 300 түлектерді құрады. Оның ішінде кіші агрономдар 75, кіші зоотехниктер 125, ветеринарлық фельдшерлер100 адамды құрады.
Аталған мектепті білікті басшылар және талантты ұйымдастырушылар басқарды. 1946 жылы Болатов, Блеубаев, Бөлекбеков сынды басшылар басқарып, ал 1946 жылдың шілдесі мен 1947 жылдың қазанына дейін Нұғманов Жакенбай, 1947 – 1948 жылдар аралығында Сатыбалдин Қажыкерей Сатыбалдыұлыбасшылыққа келіп, болашақ колледж іргетасының мықтап қалануына өз септігін тигізді. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 23 тамыздағы №422 «Үшжылдық агрономдық мектептерді ұйымдастыру» туралы шешіміне сәйкес Алматы біржылдық ауылшаруашылық мектебі Қара-Кемер үшжылдық кіші агрономдар мектебі болып қайта құрылып, білім беру жұмысын жалғастырды.
Алматы ауылшаруашылық мектебінің директорлығына Сатыбалдин Қажыкерей Сатыбалдыұлы тағайындалды.Ал бухгалтері М.И Воронов, оқу бөлімінің меңгерушісі К.Давлетов қайта құрылған Қара-Кемер үшжылдық кіші агрономдар мектебінің қарбалас тіршілігіналға қарай жетелеп әкетті. Сол жылдары мектепте 190 оқушы білім алып, 1950 жылғы оқу жылына тағы 90 оқушы қабылдау жоспарланды.
1949 жылдың 1 желтоқсанынан Қара-Кемер үшжылдық кіші агрономдар мектебінің жанында оқу-тәжірибе шаруашылығы құрылып, бірақ шаруашылықта ауылшаруашылық техникасы болмады. Сондықтан, Алматы облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ділмұханбетовтың бұйрығы бойынша мектепке асыл тұқымды 15 бас сиыр, 20 бас тана, 20 бас қой, 3 бас шошқа, 10 бас жылқы берілді.
Сол 1949 жылдың қазаны мен 1950 жылдың ақпанына дейін Федор Иванович Савинов басқарды. Осы жылдары Ауылшаруашылық Министрлігі зоотехниялық бөлімнің 1 курсындағы мемлекет бөлген орындарға қосымша қазақ жастары арасынан, соның ішінде қазақ қыздарынан құрылған топты қабылдау қажет деп шешті.
1950 – 1952 жылдары Қара-Кемер үшжылдық кіші агрономдар мектебіне Мұхамедьянов Бахчан Мұхамедьянұлы басшы болып тағайындалды. Ал 1952 жылдың 18 қыркүйегінде атаулы мектеп Кара-Кемер зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы болып өзгергенде Бахчан Мұхамедьянұлы өз басшылығын әрі қарай жалғастырды.
Бахчан Мұхамедьянұлы 1915 жылы қарашада Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын зауыттарда жұмысшы болып бастап, Әулиекөл райком, Қостанай обком партиясында, 1963 жылдан Алматы политехникалық техникумының сыртқы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ерлігі үшін әскери ордендермен, медальдармен және Қазақ ССР Білім Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ауыл шаруашылық мамандарына сұраныс талабы артқан сайын, болашақ колледждің даму сатысы да өзгере түсті. Осыған орай, Қазақ ССР Ауылшаруашылық Министрлігінің 1952 жылдың 18 қыркүйегіндегі № 631 бұйрығына сәйкес Қара-Кемер зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы болып ұйымдастырылды. Оқу талабының артуына байланысты Кара-Кемер зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы «Зоотехния», «Ветеринария» бөлімдерімен жаңарып, жыл сайынғы мамандық ауқымы кеңейе түсті. «Зоотехния» мамандығында 60, «Ветеринария» мамандығында 30 оқушы білім алды.
Тамыры тереңге жайылған оқу орны жылдан- жылға жаңарып, жаңғыра түсті.Техникумның тұңғыш директоры Мухамедьянов Бахчан Мухамедьянұлынан кейін 1953 жылдың ақпан- наурыз айларында Шайхаров Аркадий Батмаевич басқарып, ал 1953 жылдың наурыз айынан Қалықов Шаяхмет басшылыққа келді.
Қазақ ССР Ауылшаруашылық министрлігінің 1955 жылғы 6 қазанның №441 бұйрығына сәйкес Қара-Кемер зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы жасыл желегі желбіреген Жетісудың төрінен орын теуіп, Фурманов көшесіндегі жаңа салынған облыстық ветеринарлық-бактериялогиялық лабораториясына орналастырылды.
Сол кезде Шаяхмет Қалықұлы техникумның Талдықорған қаласына көшірілуіне бірден-бір мұрындық болған азамат. Ұлы Отан соғысының ардагері, II дәрежелі Отан соғысы және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қаратал ауданының Құрметті азаматы.
1907 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданы, Құмарал ауылында туған.
Шаруа жастарының мектебін бітіріп, комсомол ұйымдарын құруға белсене қатысқан.
1929 – 1932 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген соң, екі жыл Алматыдағы марксизм – ленинизм мектебінде сабақ берген. Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР большевиктер Коммунистік партиясының V съезінің делегаты, Қазақ ССР Жер шаруашылығы жөніндегі халық комиссарының орынбасары, 1941 – 1950жылдары Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарында партия, совет, шаруашылық органдарында.
1956 – 1960 жылдары Бөрлітөбе ауданының Прибалхаш совхозының директоры, 1960 – 1977 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтында, Қазақ ССР Ауылшаруашылық Министрлігінде бас маман қызметтерін атқарған. 1967 жылреспубликалық деңгейдегі дербес зейнеткерлікке шыққан.
Талдықорғанға қоныс теуіп, білім беру саласындағы жаңашылдығымен жұрт ризашылығына бөленген оқу орны Қазақ ССР Ауылшаруашылық Министрлігінің 1956 жылғы 8 наурыздағы №139 бұйрығына сәйкес «Талдықорған зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы» деп аталды. Сол жылдары жер көлемі 1.200 шаршы метрді құрайтын Алдабергенов көшесіндегі оқу ғимараты қолданысқа беріліп, техникумда 8 оқу кабинеті мен 120 орындық акт залы студентердің білім алуына мүмкіндік тудырды.
Сол жылдары оқытушылардың құрамы төмендегідей болды:
- Калыков Шаяхмет Қалықұлы
- Заводнов Николай
- Поцелуева Валентина Александровна
- Марьясова Мария Николаевна
- Марьясов Григорий Николаевич
- Лебединская Ольга Андреевна
- Чудаков Михайл Иванович
- Чудакова Полина Епифановна
- Самойлов Николай
- Самойлова Мира
- Лущенков Леонид
- Цуканов Николай Захаревич
- Копетков Берлес
- Кубайжанова Балзия Ашыгалиевна
- Королева Ирина Ивановна
- Саврий Мария Самуиловна
- Корзун Владимир Александрович
- Юнусова Мария Малаевна
Ауылшаруашылық Министрлігінің шешімімен сәйкес,контингент құрамының көп салалылығына байланысты бөлім меңгерушілері лауазымдары бекітілді. Өз тұсында бұл лауазымды қызметті бірталай білімді де, білікті азаматтар атқарып келді.
1956 – 1961 жылдары техникум директорлығы Костюченко МихаилНиколаевич жүктелді. Ол техникум директоры қызметін атқарған жылдары оқушыларға арнап бір қабатты жатақхана, оқытушылар мен қызметкерлер үшін үш тұрғын үй салуға басшылық жасады.
Оқушылардың білім сапасына, оқытушылардың әдістемелік, ізденіс жұмыстарына көп мән беріп, оқу процесіне оқытудың жаңа тәсілдерін енгізуге үлкен үлес қосты. 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ванновка ауылындағы Гидромелиоративтік техникумына директор болып ауысты.
Осыдан кейін білім шаңырағының тізгінін 1961 – 1978 жылдары колледжді Чирухин Иван Александрович қолына алды. Ол 1962 – 1963 жылдары оқытушылар мен қызметкерлерді, оқушыларды оқу ғимаратының құрылысын қайта құруға жұмылдырып, аумағы 860 шаршы метрді құрайтын оқу ғимаратының екінші қабатын тұрғызуға басшылық жасап, дәрісханалардың санын көбейтіп, сабақ ауысымын бір кезеңге өткізіп, техникумдағы оқу-тәрбие жұмысының жандануына мүмкіндік тудырды.
1964 жылы 262 орындық 4, 1966 жылы 5 қабатты жатақханалар және үш лаборатория, 1968 жылы техникум оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған 52 пәтерлік тұрғын үй салғызды. 1964 жылы «Ауылшаруашылық бухгалтері» және «Құс шаруашылығының зоотехнигі» мамандықтарын жаңадан ашты.
1972 жылы Фурманов көшесінде 900 студентке арналған 4 қабатты жаңа оқу ғимараты іске қосылды.
Жаңа нысанды Қазақ ССР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаев салтанатты түрде ашып, қолданысқа берді.